Абай облысының Азаматтық форумы

Бүгін Семей қаласында «Мемлекет-бизнес-ҮЕҰ – тиімді өзара әрекеттесу және серіктестік» тақырыбында Өңірлік азаматтық форум өтті.
Форум жұмысына Абай облысының әкімі Берік Уәли, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Елдар Сапаров, «Қазақстан Республикасының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Бану Нұрғазиева, сондай-ақ өзге өңірлерден келген делегациялар, мемлекеттік органдардың, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Берік Уәли бұл алаңның мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы сындарлы диалог пен өзара түсіністікке, серіктестікті нығайтуға арналған маңызды мүмкіндік екенін атап өтті.
Пікірталастар барысында қатысушылар мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты жетілдіру мәселелерін талқылап, азаматтық қоғам институттарының дамуына қатысты өзекті жайттарға назар аударды.