Қазақстанның Азаматтық Альянсы
Ауылдық ҮЕҰ-ға арналған шағын гранттар бағдарламасы шеңберінде жобаларға мониторинг жүргізілуде
2025 жылғы қыркүйек пен қараша айлары аралығында ауылдық ҮЕҰ-ға арналған шағын гранттар бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобаларға мониторинг жүргізілуде. Бұл жұмыстар «Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту» жобасы аясында іске асырылуда.
Мониторингтің мақсаты – жобалардың орындалу барысын бақылау, іс-шаралардың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігін бағалау, нәтижелер мен қиындықтарды анықтау, сондай-ақ грант алушыларға әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету.
Жобаларды тиімді сүйемелдеу мақсатында WhatsApp мессенджерінде жұмыс тобы құрылып, онда күнделікті кеңес беру, есептілік пен құжат рәсімдеу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланады.
Жоба менеджері әрбір грант алушымен жеке байланыс орнатып, әңгімелесулер өткізеді. Әр кездесудің қорытындысы бойынша ұсынымдар беріліп, аралық есеп дайындалады. Есепке фото және бейнематериалдар, жарияланымдарға сілтемелер мен растаушы құжаттар қоса беріледі.
Бастапқы кезеңдегі кейбір қиындықтарға - есеп айырысу шоттарымен жұмыс тәжірибесінің және әлеуметтік желілерде парақша жүргізудің болмауына қарамастан, ауылдық ҮЕҰ белсенді түрде бейімделіп, команда қалыптастырып, өз жобаларын табысты аяқтауға нық қадам жасап келеді.