Бүгін Астана қаласында Халықаралық волонтерлер жылының ресми ашылуына арналған Волонтерлер форумы өтті. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында ұсынған болатын және ол халықаралық қауымдастық тарапынан кең қолдау тапты. Іс-шараға «Тарих пен мәдениет саласындағы волонтерлікті дамытуға бағытталған «Madenietti Mura» жобасының волонтерлері қатысты.
Президент өз сөзінде: «Ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу» — деп атап өтті.
Мемлекет басшысы волонтерлер цифрлық паспортын енгізу идеясын қолдап, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу алаңдарын құрудың маңыздылығына тоқталды. Форум қорытындысы бойынша Үкіметке 2030 жылға дейінгі волонтерлікті дамыту жөніндегі жаңа Жол картасын әзірлеу тапсырылды.
Халықаралық волонтерлер жылы жаңа бастамаларды іске қосуға, үздік тәжірибелермен алмасуға және Қазақстандағы волонтерлік қозғалысын одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналады.