Қазақстанның Азаматтық Альянсы
Нұрасыл Бекматов конституциялық өзгерістердің маңызын атап өтті
Астана қаласында өткен «Конституциялық өзгерістер: студенттердің, жастардың, волонтерлердің, ҮЕҰ көзқарасы» тақырыбындағы дөңгелек үстел аясында спикерлер конституциялық реформалардың қоғам мен жастар үшін маңызы жөнінде өз пікірлерін білдірді. Солардың бірі — Бекматов Нұрасыл Жасұланұлы, «JASYL EL» жастар еңбек жасақтары Республикалық штабының басшысы, «MADENIETTI MURA» жобалық кеңсесінің жетекшісі.
Спикер өз сөзінде:
«Жаңа Конституцияда әлеуметтік мемлекет қағидаты күшейтілді. Бұл — әрбір азаматқа, соның ішінде жастарға, білім алу, еңбек ету, өзін-өзі дамыту үшін тең мүмкіндік беріледі деген сөз.
Бүгінгі таңда қоғам үшін маңызды бағыттардың бірі — экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бұл мәселе де жастармен тығыз байланысты. Осы тұрғыда елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасының маңызы зор.
Экологиялық мәдениет — заңмен ғана емес, сана мен тәрбиемен қалыптасады.
Конституциялық реформа арқылы біз тек құқықтық жүйені емес, азаматтық жауапкершілікті де күшейтеміз. Жастар «Таза Қазақстан» сияқты бастамалар арқылы экологияны қорғауға, туған жерге жанашырлықпен қарауға өз үлесін қоса алады», — деп атап өтті.