Маңғыстау облысы
Маусым айында Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы «Қызылтөбе лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аумағын көгалдандыруға бөлінген қаражаттың орындалуына тәуелсіз мониторинг жүргізілді.
Білім басқармасының мәліметінше, мемлекеттік сатып алу «баға ұсыныстарын сұрату» тәсілімен өткізілген. Жобаға 800 мың теңге бөлініп, нәтижесінде мердігер ретінде «Қуанбаева Г. У.» ЖК анықталды. Шарт сомасы – 605 мың теңге.
Техникалық сипаттамаға сәйкес:
- 60 түп ағаш (30 жапырақты, 30 жеміс ағашы),
- 70 түп раушан гүлі,
- биіктігі кемінде 1,5–3 метр көшеттер отырғызылуы тиіс болған.
Алайда маусым айында жүргізілген мониторинг барысында бірқатар сәйкессіздіктер анықталды. Территорияны толық аралау нәтижесінде:
- ағаштардың саны шартта көрсетілген көлемге сәйкес келмейтіні,
- кейбір көшеттердің қурап қалғаны,
- ал 70 түп раушан гүлінің мүлде жоқ екені белгілі болды.
Бұл жағдай мемлекеттік сатып алу шартының толық орындалуына қатысты орынды сұрақтар туғызады.
TilshiNews.kz редакциясы аталған материалды жариялай отырып, құзырлы органдарды тексеріс жүргізуге шақырады. Сонымен қатар, мердігер ұйым мен жергілікті атқарушы органдардың ресми ұстанымын жариялауға дайын екенімізді білдіреміз.
———
«Маңғыстау өңірінде экологиялық сатып алулардың ашықтығына бағытталған азаматтық бақылау және адвокация» жобасы GLOBAL GREENGRANTS FUND шағын гранты аясында жүзеге асырылуда.