Қызылорда облысы
Бүгін Қызылорда қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Дүниежүзілік ҮЕҰ күніне орай «Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті арқылы жергілікті қоғамдастықтардың қызметін дамыту» тақырыбындағы аймақтық көшпелі кездесу өтті.
Кездесу барысында жергілікті атқарушы органдар, кент және ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті қоғамдастық мүшелері ауылды дамытудағы серіктестіктің жаңа тетіктерін талқылады.
Нақты ұсыныстар келесі бағыттар бойынша ортаға салынды:
-
жергілікті қоғамдастық жұмысын жандандыру;
-
ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту;
-
әлеуметтік жобаларды салалық принциппен іске асыру;
-
4-деңгейлі бюджет мүмкіндіктерін тиімді пайдалану.
Кездесу қорытындысында ұсынылған бастамалар Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ділмұхамед Мнуарбекұлы Абизов тарапынан қолдау тауып, әлеуметтік жобаларды салалық қағидат негізінде жүйелеу және бірлескен жұмыс форматын жаңарту туралы ортақ шешім қабылданды.
Модератор – Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы басшысы Анар Жарылқасынқызы: «Мұндай өзара сенім мен қолдау – өңірдің тұрақты дамуының кепілі. Азаматтық сектор бастамаларын әрдайым қолдап, жергілікті қоғамдастықтарды дамытуға жағдай жасап отырған Қызылорда қаласының әкіміне алғысымызды білдіреміз» деп атап өтті.
Аймақта азаматтық қоғамды дамытуда ерекше үлесі бар белсенді ҮЕҰ басшылары — Жанат Аликулова, Алибек Жаров, Аймен Турбаева, Раушан Сарымсақова, Жұмабек Шахатов, Құрманкүл Ерімбетова марапатталып, қоғам дамуына қосқан үлестері жоғары бағаланды.
Дүниежүзілік ҮЕҰ күні – қоғамға қызмет ететін ұйымдардың еңбегін мойындау, азаматтық белсенділікті қолдау және әлеуметтік өзгерістерге үлес қосқан адамдарға алғыс айту күні.