Қызылорда облысы

Шиеліде жергілікті қоғамдастықты дамытудағы ҮЕҰ рөлі талқыланды

Ақп. 24, 2026 | Қаралымдар: 41

Бүгін Шиелі ауданындағы «Руханият орталығында» үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті арқылы жергілікті қоғамдастық қызметін дамытуға арналған кездесу өтті. Іс-шараға Шиелі, Жаңақорған аудандарының мемлекеттік органдары, қоғамдық ұйымдар өкілдері және жергілікті қоғамдастық мүшелері қатысты.

Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы қауымдастығының төрайымы Анар Жарылқасынқызы ауылдық ҮЕҰ бастамаларын қолдау арқылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылатын үлестерге тоқталды. Ол:

«Қоғамдық ұйымдар ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін айқындап, әлеуметтік жобаларды іске асырып, азаматтарды жергілікті басқару үдерістеріне тарта отырып, ауылдың әлеуметтік белсенділігі мен өмір сапасын арттыруға ықпал етеді»

деп атап өтіп, үздік жобалар тәжірибелерімен бөлісті.

Қатысушылар жергілікті қоғамдастық жұмысын жандандыру, ҮЕҰ мен мемлекеттік құрылымдар серіктестігін күшейту бойынша ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ, төртінші деңгейлі бюджеттің — «ауылдың ақшасын ауылдың өзі басқаруы» қағидатындағы жүйенің маңыздылығы және тұрғындардың оны түсінуі мен қоғам белсенділігін арттырудағы кедергілер туралы ойларын ортаға салды.