Қызылорда облысы
Қармақшы ауданында жергілікті қоғамдастық қызметін дамытудағы ҮЕҰ рөлі талқыланды
Қармақшы ауданында «Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті арқылы жергілікті қоғамдастықтардың қызметін дамыту» тақырыбында маңызды кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыру, жергілікті қоғамдастықтардың белсенділігін күшейту және мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимылды дамыту.
Кездесуге Қармақшы, Сырдария және Жалағаш аудандарындағы елді мекен әкімдері, үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары, жергілікті қоғамдастық мүшелері, белсенді жастар мен қоғам өкілдері қатысты.
Шараны «Қызылорда облысының ҮЕҰ Альянсы» ЗТБ төрайымы, облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Анар Жарылқасынқызы жүргізіп, азаматтық қоғам институттарының өңірлік дамудағы маңыздылығына тоқталды. Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлы Молдабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен жергілікті қоғамдастық белсенділігін арттыру мәселелерін атап өтті.
Спикерлер салалық принцип негізінде жұмыстарға тоқталып, ақпараттармен бөлісті. Төртінші деңгейлі бюджетті қалыптастыру және оның ауылды дамытудағы әлеуетін тұрғындарға түсіндіру маңыздылығы айтылды.
ҮЕҰ дамыту – ауыл тұрғындарының бастамаларын қолдаудың, жергілікті мәселелерді қоғамның қатысуымен шешудің және азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуын арттырудың маңызды тетігі. Ауылдық ҮЕҰ халық пен билік арасындағы сенімді байланысты нығайтып, әлеуметтік жобалардың ауылдық жерлерде тұрақты жүзеге асуына ықпал етеді.
Кездесу барысында мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы серіктестікті нығайту, әлеуметтік жобаларды бірлесіп жүзеге асыру және ауылдық аумақтарды дамытудағы ҮЕҰ әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Шара соңында қатысушылар пікір алмасып, өзекті сұрақтарына жауап алды. Нәтижесі 27 ақпанда өтетін Дүниежүзілік ҮЕҰ күні аясындағы шарада айтылатын болады.