Қызылорда облысы
Арал ауданында жергілікті қоғамдастық қызметін дамытудағы ҮЕҰ рөлі талқыланды
Бүгін Арал ауданында «Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті арқылы жергілікті қоғамдастық қызметін дамыту» тақырыбында Қызылорда облысы Азаматтық Альянсының бастамасымен, облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен маңызды кездесу өтті.
Облыстық Азаматтық Альянс төрайымы Анар Жарылқасынқызы модераторлық етті. Шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы бөлім басшысы Ернұр Бауыржанұлы Бихожаев, Арал ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы Асылбек Қуанышбайұлы Ағыбаев, Арал ауданы қоғамдық даму бөлімінің басшысы Марат Махмутұлы Марат, Қазалы аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жәнібек Әлиев және Арал мен Қазалы аудандарының мемлекеттік органдары, үкіметтік емес ұйымдар және жергілікті қоғамдастық мүшелері қатысты.
Кездесуде ауылдық аумақтарды дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі, жергілікті бастамаларды қолдау, әлеуметтік жобалардың тиімділігі және 4-деңгейлі бюджет мүмкіндіктері талқыланды. Мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы серіктестікті күшейту, жергілікті қоғамдастық белсенділігін арттыру және ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған бірлескен жұмыс тетіктері анықталды.
Ауылдық ҮЕҰ-лардың нәтижелі жұмысымен «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Айнагүл Үдербайқызы Баймаханова таныстырды. Қатысушылар ауылдық аймақтарды дамытуға шағын гранттар бөлу, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы жобалардың тақырыптық бағытын қайта қарау және ауылдық ҮЕҰ-ларға арналған ресурстық орталық қызметін үйлестіру мәселелерін көтерді.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға азаматтық қоғам институттарының белсенді қатысуы, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және құқықтық сауаттылықты арттыру маңыздылығы атап өтілді.
Азаматтық қоғам – мемлекет пен халық арасындағы сенімді көпір. Сондықтан ҮЕҰ әлеуетін дамыту, олардың бастамаларын қолдау және қоғам игілігі үшін тиімді жобаларды жүзеге асыру – ортақ міндет. Ауылдық ҮЕҰ-ларды дамыту – ауыл халқының өмір сүру сапасын арттырудың және азаматтарды жергілікті даму үдерістеріне белсенді тартудың маңызды факторы болып табылады.