Қызылорда облысы

Қызылордада ХІІ өңірлік азаматтық форум өтті: «Ауылдық аймақтарды дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі»

Қыр. 27, 2025 | Қаралымдар: 21

Қызылорда қаласында облыс әкімдігі, Қазақстанның Парламенті, Мәдениет және ақпарат министрлігі, халықаралық ұйымдар және ҮЕҰ секторының қатысуымен «Ауылдық аймақтарды дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі» атты ХІІ өңірлік азаматтық форум өтті. Форумды Қызылорда облысының әкімдігі Қазақстанның Азаматтық альянсы және «Қызылорда облысының ҮЕҰ Альянсы» қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Форумға жергілікті атқарушы органдар, консультативтік-кеңесші құрылымдар, бизнес және БАҚ өкілдері, сондай-ақ еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген қоғамдық ұйымдар көшбасшылары қатысты. Пленарлық сессия барысында Парламент депутаттары, халықаралық және республикалық қорлар өкілдері сөз сөйледі. Қорытындыны Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева жасады, модераторлықты өңірлік Азаматтық альянстың жетекшісі Анар Ізден атқарды.

Форум аясында соңғы жылдары Қызылорда облысының ҮЕҰ-дары ауылдық бастамаларды дамытуға бірқатар жобаларды іске асырғаны, шағын гранттар арқылы 6 ауылдық қоғамдастық жобалары қолдау тапқаны, халықаралық ұйымдар тарапынан қолдау көрсетілгені атап өтілді. Сонымен қатар, төртінші деңгейлі бюджетті түсіндіру, ауылдық жобаларды іске асыру тәжірибесі, әлеуметтік әлжуаз топтарға көмек көрсету және ұлттық бірлікті нығайту мәселелері қаралды.

Қазіргі уақытта облыста 1000-нан астам ҮЕҰ ресми тіркелген, оның ішінде 300 ұйым қоғамдық-саяси және мәдени өмірге белсенді араласуда. 2023–2025 жылдары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында азаматтық қоғамды дамытуға 3,6 млрд теңге бөлінген, 400-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылған, 3 мың адам жұмыспен қамтылған.

Форум мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы тең серіктестік, ал ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайту, мүмкіндіктерге қолжетімділікті теңестіру мәселелеріне жаңа деңгейдегі диалог, ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды көрсетті. Аталған шаралар кезінде белсенді азаматтық қоғам өкілдеріне облыстық Құрмет грамотасы және Алғыс хаттар табыс етілді.