Ақтөбе облысы

Бүгін Ұлттық жиналыста Мемлекет басшысы ел дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді атап өтті.

Қаң. 20, 2026 | Қаралымдар: 30

Президент ең алдымен әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктер мәселесіне тоқталып, халықтың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты басымдығы екенін атап өтті. Осы бағытта қоғамның осал топтарын қолдау және өңірлер арасындағы теңсіздікті азайту қажеттігі айқындалды.

Мемлекет басшысы өңірлерді дамыту мәселелерін орталықтан күтпей, жергілікті деңгейде шешудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдардың рөліне тоқтала отырып, ҮЕҰ-дардың нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жергілікті жерде белсенді жұмыс істеуі қажет екенін айтты.

Сонымен қатар Президент жастар, білім беру және тәрбие мәселелеріне ерекше назар аударды. Ол өскелең ұрпақты саналы, жауапты және патриот азамат етіп қалыптастыруда қоғамның, оның ішінде қоғамдық ұйымдардың жауапкершілігі жоғары екенін жеткізді.

Сөз барысында мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалог, сенім және серіктестік қағидаттарын нығайту қажеттігі де атап өтілді. Бұл үкіметтік емес ұйымдар үшін өз ұсыныстарын ашық білдіруге және шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуға нақты мүмкіндік береді деп санаймыз.

Президенттің Ұлттық жиналыстағы сөзі азаматтық қоғамды нығайтуға және ел дамуына ортақ жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Біз үкіметтік емес ұйым ретінде бұл бағыттарды қолдаймыз және қоғам игілігі үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.