Түркістан облысы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ СЕКТОРЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Ақп. 3, 2026 | Қаралымдар: 1

2026 жылғы 3 ақпан күні Түркістан облысы Азаматтық Альянсының президенті Инара Әбдіғаппарқызының модераторлық етуімен гибридтік форматта облыстық азаматтық сектор өкілдерінің қатысуымен «Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) арасында азаматтық қоғамның қалыптасуындағы конституциялық реформаның рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Жиын барысында «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжан Бейсембаев «Жаңа Ата заң жобасы – азаматтық қоғамның құқықтық тірегі» және «Жайылма» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанболат Сүйімбай «Құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам: жаңа Конституция жобасының негізі» тақырыптарында баяндама жасап, жаңа Конституция жобасын таныстырып, өз ойларымен бөлісті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар арасында сұрақ-жауап сессиясы өткеннен кейін модератор Инара Намазбаева жиынды қорытындылап, аудандық және қалалық ақпараттық ресурстық орталықтардың басшыларын алдағы уақытта Конституциялық реформа жобасын халыққа жеткізіп, оны бірлесіп талқылауға шақырды.