Түркістан облысы
Отырар ауданында діни сауаттылықты арттыруға арналған семинар өтті
Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» ЗТҚ нысанындағы бірлестігінің ұйымдастыруымен аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің, діни бірлестік өкілдері мен ауылдық округтердің дін саласына жауапты мамандарының біліктілігін арттыруға арналған «Мәдениет – дін – ұлт – мемлекет қатынастары» тақырыбында семинар өтті.
Семинарға спикер ретінде Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Теология» факультетінің деканы, PhD доктор, профессор Кенжетай Досай Тұрсынбайұлы шақырылды.
Біліктілік арттыру семинарында спикер тыңдаушыларға дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын түсіндіріп, білім беру жүйесіндегі зайырлылықтың негізгі қағидаттарына тоқталды. Сонымен қатар, ислам тарихындағы кезеңдердің Қазақстан тарихымен байланысын жан-жақты ашып көрсетті.
Халқымыз үшін ең басты құндылықтардың бірі – діни бірегейлік, бабалар ұстанған діни жолды жаңғырту және оны өскелең ұрпақ арасында кеңінен дәріптеу екені атап өтілді. Әрбір азамат осы құндылықтарды білуі тиіс екендігі жеткізілді.
Ұлттық рухты оятатын құндылықтарды насихаттауға, имандылық пен адамгершілік қасиеттерді дәріптеуге арналған рухани жиында тағылымы мол әсерлі әңгімелер айтылып, мазмұнды ойлар ортаға салынды.
Кездесуде Отырар ауданы бойынша найб имам Жүсіпов Қалдыбай Үсенұлы аудандағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар мен діни бірлестіктердегі имамдардың біліктілігін арттыру шаралары туралы баяндама жасады.
Кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Сәрсеков Ғалымжан Рысқұлұлы қорытындылап, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып отырған діни ағымдардың кері әсерлері туралы маңызды ақпаратпен бөліскен Досай Тұрсынбайұлына аудан халқының атынан шынайы алғысын білдірді.