Бүгін Отырар ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жастарды тарту, адалдық пен әділдік қағидаттарын насихаттауға бағытталған «Адал ұрпақ» интеллектуалды сайысы ұйымдастырылды.
Іс-шара Отырар аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. Сайысқа аудандық білім бөліміне қарасты мектептердің «Адал ұрпақ» еріктілер клубтарының белсенді жастары қатысты.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында адалдық пен парасаттылық құндылықтарын дәріптеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, оқушылардың ой-өрісін кеңейту, логикалық және шешендік қабілеттерін дамыту, сондай-ақ интеллектуалды ойын арқылы азаматтық белсенділікті арттыру болды.
Ойын бекітілген ережеге сәйкес 5 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде әр команда өз атауын және ұранын таныстырды. «Білімді мыңды жығады» кезеңінде қатысушылар Қазақстан тарихы, мәдениет, құқық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және адалдық құндылықтары бойынша сұрақтарға жауап берді. «Ситуациялық тапсырма» кезеңінде топтар адалдықты негізге ала отырып, түрлі жағдайларды шешу жолдарын көрсетті. «Кім жылдам» кезеңінде жылдам әрі нақты жауап беру арқылы ұпай жинады. Сонымен қатар, «Капитандар сайысы» кезеңі де тартысты өтті.
Сайысқа қазылық еткендер: Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалымжан Сәрсеков, «Отырар алқабы» газетінің тілшісі Шолпан Дүтбаева және «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» бірлестігінің өкілі Насиба Нуритдинова.
Қорытынды бойынша І орынды «Адал жүрек» командасы иеленсе, ІІ және ІІІ орындарды «Жәнібеков жастары» мен «Дамушы ұрпақ» командалары алды. Сонымен қатар, «Сенім», «Адалдық ардың ісі», «Әділет», «Адал Алаш» командалары белсенді қатысқаны үшін арнайы марапаттарға ие болды.