08.08.2025 жылы «Әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық белсенділік: Азаматтық қоғамның қозғаушы күші» тақырыбындағы XII Азаматтық форумның алғашқы күні өтті.
Форумның мақсаты – Түркістан облысындағы азаматтық қоғам өкілдерін біріктіріп, әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық белсенділікті арттыру арқылы өңірдің тұрақты дамуына ықпал ету.
Күннің екінші жартысында форум аясында панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Онда Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының бірінші кезеңін іске асыру қорытындылары талқыланып, екінші кезең бойынша ұсыныстар әзірленді. Сонымен қатар, «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» және «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар туралы» заң жобаларына қатысты пікір алмасу өтті.
Форумда азаматтық жауапкершілік пен құқықтық ағарту мәселелері де кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, ҮЕҰ-лардың құқықтық ағартудағы рөлі мен «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында азаматтық жауапкершіліктің экономикалық өсімге ықпалы талқыланды.