Созақ ауданында Түркістан облысы үкіметтік емес ұйымдарының тимбилдингі 2026 жылға арналған жоба аясында кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шара Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде жүзеге асырылды.
Кездесу тақырыбы:
«Бір мақсат – бір қоғам: ҮЕҰ әлеуетін дамыту және өңірлік бірлікті нығайту»
Кездесу дөңгелек үстел форматында өтіп, ауданның ҮЕҰ өкілдері азаматтық секторды дамыту, ұйымдардың әлеуетін арттыру және өңірлік бірлікті нығайту мәселелері бойынша пікір алмасып, өзара тәжірибе бөлісті.
Іс-шараға Түркістан облысының Азаматтық Альянсы ЗТҚ нысанындағы бірлестігінің Президенті Намазбаева Инара Әбдіғаппарқызы арнайы қатысып, аудандық ҮЕҰ өкілдерімен ашық сұхбат құрды. Кездесу барысында өзекті мәселелер мен қажеттіліктер талқыланып, оларды алдағы уақытта тиісті жергілікті атқарушы органдарға жеке жеткізетінін атап өтті.
Сонымен қатар, көтерілген мәселелердің шешілуіне барынша қолдау көрсетіп, олардың орындалу барысын бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Кездесу аясында жергілікті атқарушы органдармен өзара байланыс орнату, тиімді серіктестік құру мәселелері де кеңінен қарастырылды.
Мұндай кездесулер азаматтық қоғамның дамуына серпін беріп, ҮЕҰ мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.