Алматы қаласы
Астана қаласында Халықаралық волонтерлер жылының ресми ашылуына арналған Волонтерлер форумы өтті
Бұл жаһандық бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 75-сессиясында ұсынып, ол әлемдік қоғамдастықтың кең қолдауына ие болды.
Іс-шараға мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер бірлестіктері және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Форум барысында ел дамуы, әлеуметтік бірлікті нығайту және азаматтық жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы волонтерлік қозғалыстың ерекше рөлі атап өтілді. Сондай-ақ, әлеуметтік және гуманитарлық сын-қатерлер күшейген жағдайда еріктілік тұрақты дамудың маңызды ресурсы екендігі айтылды.
Айта кету керек, 2026 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы келесі бағыттар бойынша волонтерлікті дамытуға арналған 6 жобаны жүзеге асыруда:
- Төтенше жағдайларда әрекет ету;
- Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық еріктілік;
- Денсаулық сақтау саласында еріктілер көмегі;
- Мәдени және іс-шаралық еріктілікті дамыту;
- Әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету;
- Жануарларға арналған зооволонтёрлік.
Аталған жобалар аясында волонтерлік бастамаларды қолдауға шағын гранттар беріледі, сондай-ақ еріктілердің құзыреттерін арттыруға және тұрақты өңірлік еріктілер қауымдастықтарын дамытуға бағытталған білім беру және үйлестіру іс-шаралары ұйымдастырылады.
Бұл жобаларды жүзеге асыру волонтерлік қозғалыстың ауқымын кеңейтіп, салалар арасындағы өзара байланысты нығайтады және азаматтарды қоғамдық маңызды қызметке тартудың қосымша мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді.
Халықаралық еріктілер жылы Қазақстанда жаңа бастамаларды іске қосуға, үздік тәжірибелермен алмасуға және еріктілікті одан әрі дамытуға арналған маңызды платформа болмақ.