Алматы қаласы

Алматы облысының Қоғамдық кеңесінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Қазыбек Нұрсейітұлы Дауталиев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайға қатысып, жиынның маңызы мен қабылданған бастамаларға қатысты пікір білдірді.

Қаң. 23, 2026 | Қаралымдар: 115

«Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі деп есептеймін.

Біріншіден, Құрылтай жұмысы бес ірі тарихи әрі сакралды өңірде — Ұлытау, Түркістан, Атырау, Бурабай және Қызылордада өтті. Осы уақыт ішінде Мемлекет басшысы халықпен тікелей кері байланыс орнатып, ел пікірін тыңдап, ұсыныстарды жинақтады. Соның нәтижесінде бүгін бірқатар маңызды әрі ауқымды шешімдер қабылдануда.

Мәселен, 2022 жылғы конституциялық реформалар Парламент институтына елеулі өзгерістер енгізді. Бүгінде біз бірпалаталы Парламент қалыптастыруға келдік. Құрылтай барысында оның негізгі бағыттары айқындалды. Президент Парламент 145 депутаттан тұрып, олардың кәсіби деңгейі жоғары болуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрақты комитеттердің саны сегізден аспауы керектігі айтылды. Бұдан бөлек, жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған квоталарды партиялық тізімде сақтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мұның барлығы «Әділетті Қазақстан» қағидатын іске асыруға бағытталған.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Конституцияда бірқатар кемшіліктер бар екенін және оларды түзету қажеттігін атап өтті. Жаңа Қазақстанның негізгі қағидаттары Конституцияда нақты көрініс табуы тиіс. Осыған байланысты қазақ даласындағы мемлекеттілік пен өркениеттіліктің тарихи сабақтастығын айқындайтын арнайы бөлім енгізу ұсынылды. Бұл бастамалар қоғамның мәдени-идеялық негізін нығайтып, ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Тағы бір маңызды бастама — вице-президент институтын енгізу. Президенттік басқару жүйесінде биліктің үздіксіздігі аса маңызды. Мемлекет басшысы уақытша қызмет атқара алмаған жағдайда ел басқарусыз қалмауы тиіс. Сондықтан бұл — уақыт талабына сай шешім.

Сонымен бірге, Президент Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесін біріктіре отырып, Қазақстан Халқы Кеңесін құруды ұсынды. Кеңес құрамына 126 мүше енеді: 42-сі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден, қалғаны азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да қоғамдық сектор өкілдерінен құралады. Бұл органның мәртебесі Конституциялық заңмен айқындалады. Консультативтік орган бола тұра, оған заң шығару бастамашылдығы құқығы беріледі.

Бұл — жаңа әрі маңызды бағыт. Бұған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы бес депутаттық квотамен шектелсе, енді 42 өкілдің қатысуы олардың заң шығару үдерісіне кеңінен араласуына мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, бұл бастамалар Қазақстанды жаңа даму деңгейіне көтеріп, қоғамдық-саяси реформаларға тың серпін береді деп сенемін», — деді Қазыбек Нұрсейітұлы.