Қызылорда облысы

Қызылорда облысының ҮЕҰ Альянсы «Quraq» іс-қимыл бағдарламасын бастап, Қызылжарма ауылында жергілікті қоғамдастық мүшелерімен мазмұнды кездесу өткізді.

Сәуір 7, 2026 | Қаралымдар: 290

Азаматтық Альянс төрайымы Анар Жарылқасынқызы ауылдың белсенді тұрғындарына 4-деңгейлі бюджеттің ауылды дамытудағы маңызын жан-жақты түсіндіріп, жергілікті қоғамдастық қызметінің құқықтық негіздеріне тоқталды. Сонымен қатар, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуы ауылдың нақты қажеттіліктерін айқындап, қаржының тиімді әрі ашық жұмсалуына мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Мұстафаев Дархан Болатұлы 4-деңгейлі бюджет механизмдері арқылы жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық дербестігі артатынын, сондай-ақ ауыл аумағындағы шағын және орта бизнестен түсетін салық түсімдері сол елді мекеннің бюджетінде қалып, ауылды дамытуға бағытталатынын айтты.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары үшін маңызды бірқатар түсіндірмелер берілді:
– Қоғамдық кеңес пен жергілікті қоғамдастықтың айырмашылығы түсіндірілді: Қоғамдық кеңес – консультативтік-кеңесші орган, ал жергілікті қоғамдастық – тұрғындардың тікелей қатысуымен шешім қабылдайтын құрылым;
– шағын бизнестен түсетін кейбір салық түрлері (мүлік, жер, көлік, жеке табыс салығының бір бөлігі) 4-деңгейлі бюджетке түсіп, ауыл қажеттілігіне жұмсалатыны нақты мысалдармен көрсетілді;
– жергілікті қоғамдастық жиынын өткізу тәртібі түсіндіріліп, оның ашықтығы, жариялылығы, тұрғындардың белсенді қатысуы және ұсыныстардың ескерілуі маңызды екені айтылды.

Кездесу соңында қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, ауылды дамытуға қатысты ойларын ортаға салды. Мұндай кездесулер тұрғындардың жауапкершілігін арттырып, ауылды бірлесіп дамытуға серпін беретіні атап өтілді.