Қызылорда облысы
Қызылорда облысының ҮЕҰ Альянсы «Quraq» іс-қимыл бағдарламасын бастап, бүгін Қызылжарма ауылында жергілікті қоғамдастық мүшелерімен мазмұнды кездесу өткізді.
Азаматтық Альянс төрайымы Анар Жарылқасынқызы ауылдың белсенді тұрғындарына 4-деңгейлі бюджеттің ауылды дамытудағы маңызын жан-жақты түсіндіріп, жергілікті қоғамдастық қызметінің құқықтық негіздеріне тоқталды. Сонымен қатар, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуы ауылдың нақты қажеттіліктерін айқындап, қаржының тиімді әрі ашық жұмсалуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Мұстафаев Дархан Болатұлы 4-деңгейлі бюджет механизмдері жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық дербестігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, ауыл аумағындағы шағын және орта бизнестен түсетін салық түсімдері сол елді мекеннің бюджетінде қалып, ауылды дамытуға бағытталатынын түсіндірді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары үшін маңызды бірқатар түсіндірмелер берілді:
– Қоғамдық кеңес пен жергілікті қоғамдастықтың айырмашылығы түсіндірілді: Қоғамдық кеңес – консультативтік-кеңесші орган болса, жергілікті қоғамдастық – тұрғындардың тікелей қатысуымен жұмыс істейтін және шешім қабылдауға құқылы құрылым.
– Ауыл аумағындағы шағын бизнестен түсетін кейбір салық түрлері (мүлік, жер, көлік, жеке табыс салығының бір бөлігі) 4-деңгейлі бюджетке түсіп, ауылдың қажеттіліктеріне жұмсалатыны нақты мысалдармен көрсетілді.
– Жергілікті қоғамдастық жиынын өткізу тәртібі түсіндіріліп, оның ашықтығы, жариялылығы, тұрғындардың белсенді қатысуы және ұсыныстар мен пікірлердің ескерілуі маңызды екені атап өтілді.
Кездесу соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ауылдың дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай кездесулер жергілікті тұрғындардың жауапкершілігін арттырып, ауылды бірлесіп дамытуға серпін беретіні атап өтілді.