Қызылорда облысы

Бүгін облыстық Азаматтық Альянс мүшелері «Quraq» іс-қимыл бағдарламасы аясында Талсуат ауылдық округінде жергілікті қоғамдастық мүшелерімен мазмұнды кездесу өткізді.

Сәуір 9, 2026 | Қаралымдар: 127

Кездесу барысында тұрғындарға жергілікті қоғамдастықтардың негізгі миссиясы, ауылды дамытудағы рөлі, сондай-ақ төртінші деңгейдегі бюджетті қалыптастыру және оны тиімді бөлу тетіктері жан-жақты түсіндірілді. Әсіресе, әрбір азаматтың ауыл өміріне бейжай қарамай, ортақ шешім қабылдауға қатысуының маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Бұл бастаманы Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы қолдап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Бұл – мемлекет пен қоғамның өзара тиімді ынтымақтастығының жарқын көрінісі.

Ауыл тұрғындарының белсенділігі – тек жергілікті мәселелерді шешудің ғана емес, ел экономикасын дамытудың да маңызды факторы. Әрбір тұрғын өз ұсынысын білдіріп, бюджет қаражатының қай бағытта жұмсалатынына ықпал ете алса, бұл ауылдың да, өңірдің де дамуына оң әсер етеді.

Белсенді қоғам – тұрақты дамудың кепілі. Сондықтан әрбір ауыл тұрғынын жергілікті бастамаларға атсалысып, өз ауылының болашағына бірге жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.