Қостанай облысы

Жітіқара ауданында «Адал азамат» тұжырымдамасының құндылықтарын насихаттау аясында жастармен кездесу өтті.

Маусым 22, 2026 | Қаралымдар: 1320

Іс-шараға Қостанай облыстық мәслихатының депутаттары Динара Утебаева мен Александра Сергазинова қатысты.

Кездесу барысында жастармен патриотизм, азаматтық жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық және қоғам өміріне белсенді қатысудың маңыздылығы туралы пікір алмасу өтті. Сондай-ақ «Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі бағыттары түсіндіріліп, қазіргі жастардың қоғамдағы рөлі талқыланды.

Қатысушыларға «Мен – Адал азаматпын» облыстық эссе байқауы туралы ақпарат берілді. Байқаудың мақсаты – белсенді, бастамашыл және азаматтық ұстанымы айқын жастарды анықтау. Байқау жеңімпазы атанған 20 қатысушы екі күндік білім беру лагеріне қатысып, көшбасшылық, шешендік өнер және қоғамдық қызмет бағыттары бойынша білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алады.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, туған өлкенің дамуына үлес қосуға дайын жастардың бастамалары мен идеяларын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Жоба Қостанай облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «ГрИн» Қостанай облысының Азаматтық альянсы» қоғамдық қоры тарапынан жүзеге асырылуда.