Қарағанды облысы
Шахтинск қаласының Төтенше жағдайлар бөлімінде қызметкерлердің қатысуымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, адалдық қағидаттарын нығайту және құқықтық мәдениетті арттыру мәселелеріне арналған ақпараттық-түсіндіру семинары өтті.
Іс-шара Шахтинск қаласының ішкі саясат бөлімінің қоғамда ашықтық, жауапкершілік және сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған жобасы аясында ұйымдастырылды.
Семинардың спикері Қарағанды облысы бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық пулдың мүшесі Сүлейменова Алтынай Ислямқызы болды.
Семинар барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, азаматтық жауапкершілікті нығайту және қызметтік әдеп нормаларын сақтау мәселелерін талқылады. Әсіресе кәсіби міндеттерді адал әрі жауапкершілікпен орындаудың және әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігінің маңыздылығына ерекше назар аударылды.