Түркістан облысы

«ӨМІРДІ ТАҢДА!» ТРЕНИНГІ ӨТКІЗІЛДІ

Там. 1, 2026 | Қаралымдар: 1245

Отырар ауданының Ішкі саясат бөлімі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылып жатқан «Жастар арасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар» жобасы шеңберінде «Өмірді таңда!» атты тренинг ұйымдастырылды.

Іс-шараға 5–10 сынып оқушылары қатысып, нашақорлық, синтетикалық есірткі және есірткі бизнесінің зияны туралы жан-жақты ақпарат алды.

Тренинг ойын форматында өткізіліп, қатысушылар түрлі танымдық және топтық тапсырмалар арқылы салауатты өмір салтының маңызын түсінді. Ойын барысында оқушылар өзара пікір алмасып, дұрыс шешім қабылдау, зиянды әдеттерден аулақ болу және өмірлік құндылықтарды бағалау дағдыларын жетілдірді.

Сонымен қатар, оқушыларға нашақорлықтың адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға тигізетін кері әсері, синтетикалық есірткінің қауіптілігі және оның құқықтық салдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, өз өмірі мен болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Осындай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары жастардың құқықтық және әлеуметтік иммунитетін қалыптастыруға, зиянды әдеттердің алдын алуға және қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.

Салауатты таңдау – жарқын болашақтың кепілі!