Астана қаласы
Қазақстанның Азаматтық Альянсы
«Abai Route: Бірлік пен мұра жолы» – жастарды ұлы мұрамен тоғыстырған мәдени-ағартушылық бастама
Қауымдастық түріндегі «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің «Тарих пен мәдениет саласында волонтерлікті дамыту» жобасы аясында «Салауат» Шығыс Қазақстан облыстық жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Abai Route: Бірлік пен мұра жолы» мәдени-ағартушылық бастамасы жүзеге асырылды.
Жоба аясында оқушылар мен студенттерге арналған танымдық семинарлар ұйымдастырылды. Кездесулер барысында жастар Абай Құнанбайұлының өмір жолы, шығармашылық мұрасы, қара сөздерінің тағылымдық мәні және қазақ руханиятына қосқан үлесі туралы мол мағлұмат алды.
Семинарларда ақын шығармаларындағы білім, ғылым, еңбек, адамгершілік, әділет пен ел бірлігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар Абай туындыларының бүгінгі қоғамдағы маңызын талқылап, интерактивті тапсырмалар орындап, өзара пікір алмасты.
Бастама жастардың ұлттық құндылықтарға қызығушылығын арттыруға, азаматтық белсенділігін қалыптастыруға және тарихи-мәдени мұраны қорғау мен насихаттауға бағытталды. Сонымен қатар мәдени волонтерліктің қоғамдағы маңызы түсіндірілді.
Абай мұрасы – ұрпақты білімге, еңбекке, парасат пен бірлікке үндейтін мәңгілік рухани қазына. Осындай тағылымды жобалар арқылы ұлы ойшылдың асыл мұрасы жастардың санасында жаңғырып, келешек ұрпаққа жалғаса береді.