Астана қаласы

Қазақстанның Азаматтық Альянсы

Бурабай ауданы Қоғамдық кеңесінің мүшелері Бурабай кентіндегі Кенесары көшесінде орналасқан туристік компаниялардың қызметіне мониторинг жүргізді

Қыр. 10, 2026 | Қаралымдар: 1288

Мониторингтің мақсаты – азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалау және туристік әрі экскурсиялық қызметтерді көрсету кезінде белгіленген талаптардың сақталуын зерделеу.

Мониторинг барысында тұтынушыларға арналған ақпараттың қолжетімділігі, жұмыс орындарының жабдықталуы, санитариялық жағдай, қызметкерлердің арнайы киімдері мен сәйкестендіру бейдждерінің болуы, сондай-ақ төлем қабылдау және растайтын құжаттарды беру тәртібі қаралды.

Мониторинг нәтижесінде тексерілген туристік компанияларда прейскуранттардың қазақ және орыс тілдерінде орналастырылғаны анықталды. Ал «ЖЕМЧУЖИНА СИНЕГОРЬЯ» ЖШС-да ақпарат ағылшын тілінде де ұсынылған. «Мега Тур», «Турист» және «Вояж» туристік компаниялары қызметкерлерінің арнайы киімі жоқ екені анықталғанымен, барлық тексерілген компанияларда сәйкестендіру бейдждері бар.

Жұмыс орындарының санитариялық жағдайы жалпы алғанда қанағаттанарлық деп бағаланды. Алайда «Эко Бус», «Джип-сафари» және «Burabay RedBus» туристік нысандарына іргелес аумақтың санитариялық жағдайы тиісті деңгейде болмаған.

Экскурсиялық қызметтерді көрсету кезінде чектер мен растайтын құжаттарды беру тәртібінің бұзылуы анықталған жоқ.

Мониторинг қорытындысы бойынша туристік компаниялардың басшыларына тұтынушыларға арналған өзекті ақпаратты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсыну, санитариялық талаптарды сақтау, қызметкерлерді арнайы киіммен қамтамасыз ету және қызмет көрсету сапасына ішкі бақылауды күшейту бойынша ұсынымдар берілді.