Қазақстанның Азаматтық Альянсы
Үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы онлайн форматта өтті. Жиында ҮЕҰ туралы заң жобасы талқыланды.
Заң жобасында бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған. Атап айтқанда, негізгі ұғымдарды нақтылау, ҮЕҰ қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін реттеу, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды дамыту, сондай-ақ саланы цифрландыру мәселелері қамтылған.
Жұмыс тобының құрамына қоғамдық ұйымдардың, құқық қорғау және сарапшылар қауымдастығының, сондай-ақ үкіметтік емес сектордың өкілдері кіреді.
Бұған дейін заң жобасы 20 өңірлік азаматтық форумда және Қазақстанның XII Азаматтық форумы аясындағы арнайы панельдік сессияда талқыланды. Сондай-ақ заң жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылаудан өтті.
Биылғы 3 қыркүйекте заң жобасының тұжырымдамасы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында мақұлданды.
Жаңа заңды әзірлеу жұмысы Мемлекет басшысының 2025 жылғы 14 наурызда Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасына сәйкес жүргізілуде.