Астана қаласы

«Елдігіңді ойласаң, болашақты бағдарла»

Ақп. 1, 2025 | Қаралымдар: 47

1 ақпанда Астана қаласындағы Президент орталығында Ұлттық құрылтайдың жұмыс секцияларының отырыстары өтті.

Мен ғылым, жоғары білім, оқу-ағарту және тіл саясаты мәселелері қаралған «ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ» секциясының жұмысына қатыстым. Секция жұмысына ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев модераторлық етті.

Жиында Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин Ұлттық құрылтайдың 2024 жылғы қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды. Сонымен қатар, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтті. Президент ұсынған негізгі бастамалардың жүзеге асырылып жатқанын және Ұлттық құрылтай мүшелерінің бұл іске елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, мұны мемлекет пен қоғамның өзара тиімді ықпалдастығының нақты көрінісі ретінде бағалады.

«Ашық микрофон» форматында өткен «Ғылым және білім» секциясында осы бағыттағы өзекті мәселелер талқыланып, Құрылтай хатшылығына ұсыныстар енгізілді.

Біз де өз кезегімізде ғылымды дамыту, жоғары білім сапасын қамтамасыз ету және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бойынша өз ойларымызды ортаға салып, ұсыныстарымызды білдірдік.

Атап айтқанда:

  1. Жоғары білімді интернационализациялау және цифрландыру бағытында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігіне жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, еңбек нарығында мамандарға деген 3, 5 және 10 жылдық сұранысты болжауға мүмкіндік беретін платформа құру ұсынылды.
  2. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Жас маман» жобасын қайта өзектендіріп, оның негізінде колледждер базасында кәсіпорындармен бірлесіп Ресурстық орталықтар құру ұсынылды.

Сонымен қатар, басқа да өзекті ұсыныстар айтылды.

Ұлттық құрылтай хатшылығы мүшелердің ұсыныстары Көкшетау қаласында өтетін Құрылтайдың төртінші отырысында ескерілетінін мәлімдеді.

Бұл елімізде Президентіміз көтерген «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының жүзеге асып жатқанын және Құрылтай мүшелерінің елдік деңгейдегі, бүкіл қоғамның назарындағы өзекті мәселелерді көтеріп жүргенін көрсетеді.

Бабаларымыздың «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген даналығы осы болса керек. Озық ойлы ұлт болу үшін еліміздің игілігі жолында бірлесіп еңбек етейік.

Зұлфухар Ғайыпов – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры, саяси ғылымдарының докторы, Ұлттық құрылтай мүшесі.