Алматы қаласы
Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына сәйкес Алматы қаласының Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ерик Жұмабай басқарманың атқарған жұмыстарының қорытындылары мен алдағы жоспарлары туралы есеп берді.
Атап айтқанда, Әуезов ауданында ауданы 1454,90 шаршы метр болатын «Халықты оқытуға арналған симуляциялық оқу-әдістемелік орталығын» құру жоспарлануда. 2025 жылы Басқарма жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттаманы одан әрі құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін Құрылыс басқармасына беру жұмыстары жүргізілуде.
2026 жылдың соңына дейін Басқарма Наурызбай ауданындағы көшкін қаупін бағалау, учаскелерді паспорттау және тәуекел картасын әзірлеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр.
«Қаланың жоғарғы бөлігін кезең-кезеңімен зерттеп, көшкін қаупі бар учаскелерді анықтауды, әр учаске бойынша барлық деректер мен қауіп деңгейі көрсетілген паспорттарды әзірлеуді және анықталған қауіптерді жою үшін ақпаратты тиісті органдарға беруді жоспарлап отырмыз», — деді Басқарма басшысы.
Жыл басынан бері 168 адам құтқарылып, 2578-ден астам шығу іс-шарасы ұйымдастырылды. Таулы аймақтарда 29 рет шығу жүзеге асырылып, оның барысында 36 адам құтқарылды.
Сонымен қатар Басқарма жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыруды, аумақтық қорғанысты және әскери қызметке шақыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізу жұмыстарымен айналысады.
2026 жылғы азаматтарды әскерге шақыру науқаны 1 наурызда басталып, 30 маусымда аяқталады. Заңнамаға сәйкес, әскерге шақырылған азаматтардың жұмыс орындары сақталады, ал жұмыс берушілер әскери қызметтен кейін бұрынғы еңбек жағдайларын қалпына келтіруге міндетті.
Мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтарға ҰБТ балдары мен түсу емтихандарының нәтижелерін есепке алмай жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі беріледі. Қызмет барысында жоғары нәтижелер көрсетіп, ерекшеленген мерзімді әскери қызметшілерге білім беру гранттары және тегін оқу мүмкіндігі ұсынылады.
Әскери қызмет өткеру кезеңінде әскери қызметшілерге банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша ай сайынғы төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі де беріледі.