Алматы қаласы
Жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — Медеу аудандық полиция басқармасы мен Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің бірлескен рейді
17 сәуірден 18 сәуірге қараған түні Алматы қаласында Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің, Полиция департаментінің, Жастар саясаты басқармасының және Zhastarmen жастар қозғалысының қатысуымен ауқымды профилактикалық рейд өтті.
Рейдтің негізгі мақсаты — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және түнгі уақытта заңнама талаптарының сақталуын бақылау.
Тексерулер бірқатар ойын-сауық орындарында, соның ішінде компьютерлік клубтар мен түнгі клубтарда жүргізілді. ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының талаптарын, яғни кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін ойын-сауық орындарында болуына тыйым салу нормасын сақтауына ерекше назар аударылды.
Рейд барысында:
— түнгі уақытта ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандар анықталды;
— алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерін тұтыну фактілері тіркелді;
— заңды өкілдер тарапынан бақылаудың болмау жағдайлары анықталды.
Анықталған барлық құқық бұзушылықтар бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Мұндай бірлескен жұмыс жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жасөспірімдер мен ата-аналардың жауапкершілігін арттыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.