Алматы қаласы

14 шілдеде «АЖК» АҚ – «Энергосбыт» филиалында Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің №3 комиссиясының көшпелі отырысы өтті.

Шілде 15, 2026 | Қаралымдар: 35

Кездесу қала тұрғындарынан электр энергиясына тарифтерді көтеру, жекелеген тұрғын үй кешендерінің берешегіне байланысты электрмен жабдықтауды ажырату, дебиторлық берешекті талдау, сондай-ақ қағаз хабарламаларды жеткізуге арналған шығыстарды тарифке енгізудің құқықтық негіздемесіне қатысты келіп түскен өтініштерге байланысты өткізілді.

«АЖК» АҚ – «Энергосбыт» филиалының басшылығы Кеңес мүшелері мен сарапшыларының маңызды әрі өзекті сұрақтарына толық жауап берді.

Күрделі мәселелердің бірі ретінде мынадай проблемалар анықталды:

  • құрылыс салушылардың жобаларын нысандарды пайдалануға берер алдында энергиямен жабдықтаушы ұйыммен міндетті түрде келісуінің болмауы;
  • МИБ (ОСИ), ПИК (КСК) және басқарушы компаниялардың электр желілерін энергиямен жабдықтаушы ұйымға уақтылы бермеуі және жеке дербес шоттарды ашу мүмкіндігінің болмауы;
  • кейбір МИБ (ОСИ), ПИК (КСК) және басқарушы компаниялардың жауапсыздығына байланысты дебиторлық берешектің жүйелі сипат алуы.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар есептеулердің ашықтығын қамтамасыз ету, тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу, электрмен жабдықтауды жаппай шектеу жағдайларын азайту, әлеуметтік шиеленісті төмендету, энергиямен жабдықтау саласындағы проблемаларды шешу және осы саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.