Алматы қаласы
13 тамызда ҚР Тұңғыш Президенті саябағын қайта жаңарту жұмыстарының барысына көшпелі мониторинг жүргізілді.
Қазіргі уақытта саябақ аумағында инфрақұрылымды жаңартуға және заманауи, жайлы қоғамдық орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жоба аясында гранит төсемдерін төсеу, су айдындары мен автоматты суару жүйесіне арналған үш резервуар салу, ағаш жаяу жүргіншілерге арналған төсемдер мен жолдар орнату, сондай-ақ инженерлік желілер тарту көзделген.
Саябақты жаңарту барысында заманауи ірі балалар ойын алаңы, әлемнің тақырыптық бақтары — итальяндық, ағылшындық және басқа да бақтар, жаңартылған М-1 арнасы, тыныш демалыс аймақтары, спортпен айналысуға және отбасылық демалысқа арналған алаңдар, сондай-ақ қалалық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған заманауи ашық сахна пайда болады.
Фонтандар кешенін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Оның сыртқы тарихи келбеті сақталады, алайда жаңа конструктивтік шешімдер нысанның функционалдық мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, балалар мен ересектер ыстық күндері денсаулығына қауіп төндірмей сергіп алатын арнайы қауіпсіз аймақтар қарастырылады. Бұл балалардың фонтан суына шомылуға деген қызығушылығын ескергенде, аса маңызды.
Саябақта кедергісіз орта қалыптастыру және оның барлық инфрақұрылымының жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Жаңартылған кеңістік барлық келушілер үшін барынша қолайлы әрі инклюзивті болуы тиіс.
Тұрғындар арасында резонанс тудырған мәселелер де егжей-тегжейлі талқыланды. Кіреберіс аркасының қаптамасын демонтаждауға қатысты айтар болсақ, ұзақ уақыт пайдаланылуына байланысты конструкция бастапқы келбетін жоғалтып, тозған. Осыған байланысты жобада ескірген пластикалық қаптаманы ұзақ уақыт қызмет ететін сәндік керамикалық панельдерге ауыстыру көзделген. Бұл ретте негізгі сәндік элементтердің барлығы сақталып, қалпына келтіріліп, боялады.
Экологияға және табиғатқа ұқыпты қарауға ерекше мән берілді. Жоба аясында кешенді көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаштар, бұталар мен гүлдерді қоса алғанда, шамамен бір миллион жасыл желек отырғызу жоспарланған. Бұл экологиялық тұрақтылықты арттырып, ландшафтты жақсартуға мүмкіндік береді. Құрылыс аймағындағы барлық раушан бұталары мұқият қазылып алынып, саябақтың қауіпсіз аумақтарына уақытша отырғызылды. Жаяу жүргіншілер жолдарын салу үшін ағаштарды кесудің орнына оларды ландшафтқа үйлесімді түрде енгізу жұмыстары жүргізілгені қуантады.
Қайта жаңарту және ескі суару жүйесін демонтаждау кезеңінде мердігер ұйым өсімдіктерді уақытша техникалық схемалар арқылы суаруды қамтамасыз етуде. Сонымен қатар жаңа автоматты суару жүйесінің құрылысы қатар жүргізілуде.
Қайта жаңарту жұмыстарын 2026 жылғы желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған, алайда атқарылатын жұмыс әлі де көп.
Жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталатынын айту қиын. Сондықтан қазан айында тағы бір мониторинг жүргіземіз. Жұмыстардың сапасы, жасыл желектерді сақтау және инклюзивті қалалық ортаны қалыптастыру мәселелері Қоғамдық кеңестің тұрақты бақылауында болады.