Мангистауская область‎

Гражданский Альянс Казахстана

Ер Төлеп ауылында зияткерлік демалысқа арналған «IQ PARK» жобасы жүзеге асырылды

14 ноября 2026 г. | Просмотров: 373

Маңғыстау облысының Ер Төлеп ауылында тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, зияткерлік ойындарды насихаттауға және мәдени демалыс ортасын қалыптастыруға бағытталған «IQ PARK» жобасы жүзеге асырылды.

Жоба аясында ауылдық саябаққа тұрғындардың пайдалануына арналған 2 шахмат үстелі жасалып, орнатылды. Бұл бастама ауыл тұрғындары мен жастардың шахмат ойынына деген қызығушылығын арттырып, зияткерлік ойындарды кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Шахмат – адамның логикалық ойлау қабілетін дамытып, зейінін шоғырландыруға және стратегиялық шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруге ықпал ететін ойын. Осы тұрғыда саябаққа орнатылған шахмат үстелдері тұрғындар үшін пайдалы әрі мазмұнды демалыстың жаңа мүмкіндігін ұсынбақ.

Сонымен қатар, «IQ PARK» қоғамдық кеңістікті тиімді пайдалануға жол ашып, ауыл тұрғындарының өзара қарым-қатынасын нығайтуға, түрлі буын өкілдерінің басын қосуға жағдай жасайды. Нәтижесінде саябақ тек серуендеп, демалатын орын ғана емес, зияткерлік кездесулер мен пайдалы уақыт өткізуге арналған ортаға айналмақ.

Жобаның бастамашысы әрі жүзеге асырушысы – Ер Төлеп ауылының тұрғыны, шағын грант иегері Оразғалиев Сырым Исламғалиевич. Ол «JASA» жобасы аясында ұйымдастырылған «Ауыл жастарының урбанистикалық бастамаларына қолдау көрсету» бағыты бойынша өткізілген шағын гранттар байқауының жеңімпазы атанған болатын.

«IQ PARK» жобасы – ауылдық жерлерде жастардың азаматтық бастамаларын қолдау, қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту және тұрғындардың белсенді демалыс мәдениетін қалыптастыру бағытындағы игі істердің бірі. Мұндай бастамалар ауыл өміріне жаңа серпін беріп, зияткерлік ортаның дамуына үлес қосады.