Mangystau Region

Civil Alliance of Kazakhstan

Қызылтөбе ауылында стрит-воркаут алаңы ашылды

Nov. 14, 2026 | Views: 353

Маңғыстау облысының Қызылтөбе ауылында жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау, салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Стрит-воркаут алаңын орналастыру» жобасы іске асырылды.

Жоба ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Стрит-воркаут – арнайы спорттық құрал-жабдықтар мен тренажерлардың көмегімен адамның өз дене салмағын пайдалана отырып жаттығу жасауына негізделген спорт түрі. Бұл бағыт күшті, төзімділікті және дене дайындығын дамытуға мүмкіндік береді.

Жаңа спорт алаңы ауыл тұрғындарына, әсіресе жастарға, ашық ауада жаттығып, физикалық белсенділігін арттыруға қолайлы орта қалыптастырады. Сонымен қатар мұндай қоғамдық кеңістіктер жастар арасында спорттық мәдениетті қалыптастырып, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады.

Жобаның бастамашысы әрі жүзеге асырушысы – Қызылтөбе ауылының тұрғыны, шағын грант иегері Слахов Самат Давлетниязұлы. Ол «JASA» жобасы аясында ұйымдастырылған «Ауыл жастарының урбанистикалық бастамаларына қолдау көрсету» бағыты бойынша өткізілген шағын гранттар байқауының жеңімпазы атанған болатын.

«Стрит-воркаут алаңын орналастыру» жобасы – ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамытуға, жастардың бастамаларын қолдауға және тұрғындардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Осындай игі бастамалар ауыл жастарының спортпен шұғылдануына жаңа мүмкіндіктер ашып, қоғамдық өмірдің жандануына ықпал етеді.