Mangystau Region

Civil Alliance of Kazakhstan

«Village Urban Lab»: ауыл жастары ауылды дамытуға бағытталған тың идеяларын ұсынды

Nov. 14, 2026 | Views: 356

Маңғыстау туризм колледжінде ауыл жастарының урбанистикалық ойлау дағдыларын дамытуға, сондай-ақ ауылдық елді мекендердің қоғамдық ортасын жақсартуға бағытталған «Village Urban Lab» іс-шарасы өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ауылды дамытуға бейжай қарамайтын, тың бастамалары мен жаңашыл идеялары бар белсенді жастарды қолдау, олардың әлеуетін арттыру және ұсыныстарын нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік жасау.

Кездесу барысында қатысушылар ауылдық урбанистика бағытында білім алып, ментордың жетекшілігімен ұйымдастырылған оқыту-практикалық сессияға қатысты. Жастар ауылдық аумақтарды дамыту, қоғамдық кеңістіктерді тиімді пайдалану және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мәселелері бойынша өз білімдерін толықтырды.

Практикалық бөлімде қатысушылар шағын топтарға бөлініп, ауылдардың әлеуметтік және қоғамдық ортасын жақсартуға арналған жобалық идеяларын әзірледі. Топтар өз ұсыныстарын ортаға салып, бастамаларын таныстырып, оларды жүзеге асыру жолдарын талқылады.

Іс-шара барысында ментор Кушанова Гүлнұр Джексенбайқызы қатысушыларға бағыт-бағдар беріп, ұсынылған жобалық идеяларды жетілдіру бойынша кәсіби кеңестері мен кері байланысын ұсынды. Бұл жастарға өз бастамаларына жан-жақты қарап, оларды нақты әрі тиімді жобаларға айналдырудың жолдарын түсінуге мүмкіндік берді.

«Village Urban Lab» – ауыл жастарының азаматтық белсенділігін арттырып, туған өлкенің дамуына үлес қосуға ынталандыратын маңызды алаң. Осындай кездесулер арқылы жастар өзара тәжірибе алмасып, жаңа идеялар қалыптастырып, ауылдық жерлердегі оң өзгерістердің бастамашысы болуға мүмкіндік алады.

Бастысы, ауылды дамыту тек инфрақұрылымды жаңартумен шектелмейді. Ол – тұрғындардың белсенділігіне, жастардың шығармашылық әлеуетіне және ортақ іске деген жауапкершілігіне де байланысты. Осы тұрғыда «Village Urban Lab» жас буынның бастамаларын қолдап, ауыл болашағына бағытталған жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.