Павлодар облысында көгалдандыру мәселелері бойынша қоғамдық талқылау өтті

12 тамызда Павлодар облысының Азаматтық Альянсы «Адал Азамат – Белсенді қоғам» өңірлік жобалық кеңсесінің қызметі аясында ұйымдастырған көгалдандыру мәселелері бойынша қоғамдық талқылау барысында қалаларды көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыруды жақсарту жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Көгалдандыру неліктен маңызды? Жасыл желектер — қалалық ортаны тұрақтандыратын негізгі элементтердің бірі. Ағаштар ауаны зиянды газдар мен шаңнан тазартады, жауын-шашынды сіңіріп, ылғалды біртіндеп бөлу арқылы қалаларды су басудың алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар олар ауаның ылғалдылығын арттырып, жолдар мен ғимараттар қабырғаларының шамадан тыс қызуын төмендету арқылы микроклиматты жақсартады. Бұл климаттың өзгеруі жағдайында, нөсер жауын-шашын мен аптап ыстық толқындары күшейіп жатқан кезде ерекше маңызды.
Өкінішке қарай, қазіргі уақытта көгалдандыру саласында оң өзгерістер көп байқала бермейді. Ең алдымен, сапалы жұмыстарды ұйымдастыруға қолданыстағы тендерлік жүйе кедергі келтіреді. Биылғы жаз қуаңшылықпен ерекшеленді. Алайда суару жұмыстарын жүргізудің орнына, Павлодарда тұрғындар шөптің қурап, өспей қалған жерлерінде шөпті қарқынды түрде шауып жатқанын көріп отыр. Жаздың қызған шағында ағаштарды «бұтау», ал кей жағдайда іс жүзінде жою жұмыстары жүргізіледі.