Өткен аптада Қазақстан өңірлерінде экологиялық акциялар мен мәдени жобалардан бастап, жастарға арналған іс-шараларға дейін бірқатар қоғамдық бастамалар жүзеге асырылды.

Өңір:
Абай облысының Ақсуат ауылында өткен экологиялық кездесуге 50-ден астам адам қатысты. Кездесуде қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениет және табиғатқа ұқыпты қарау мәселелері талқыланды. Қарағанды облысында ұйымдастырылған танымдық тур қатысушыларды Қарқаралы ауданының тарихи-мәдени және табиғи нысандарымен таныстырды. Сол күні «Адал ұрпақ» жобасы аясында 25-тен астам жас QUIZ TIME «Сыбайлас жемқорлық — сұрақ астында» зияткерлік ойынына қатысты. Бурабай ұлттық паркінде Қазақстанның Азаматтық альянсы вандализмге қарсы ауқымды акция өткізіп, оған 60-тан астам адам қатысты. Қатысушылар табиғи нысандарды жазулар мен граффитиден тазартты.
Заң:
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 6 тамыздағы №155 бұйрығымен үй жануарларын ұстау және серуендетудің үлгілік қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістер үй жануарын одан әрі ұстау мүмкін болмаған жағдайда қойылатын талаптарға, сондай-ақ жануардан бас тарту шарттарына қатысты.
Жануарларды қорғау ұйымдарының пікірінше, бұл өзгерістер жануарларды өсіруге және кейіннен айналымға шығаруға байланысты мәселелерді шешу үшін жеткіліксіз.
Осыған байланысты жануарларды қорғау бағытында жұмыс істейтін ҮЕҰ жануарларды өсіру және айналымға шығару саласындағы мәселелерді шешу мақсатында жоғарыда аталған бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуге қолдау көрсету туралы Орталыққа жүгінді. «Адал азамат – белсенді қоғам» орталығының заң қызметі жануарларды қорғау ұйымдары ұсынған ұсыныстарға құқықтық талдау жүргізуді бастап, оларды уәкілетті мемлекеттік органмен одан әрі пысықтау жұмыстарын қолға алды.
Талдау:
80-нен астам қатысушыны біріктірген «Ұстаным» дискуссиялық клубының кезекті отырысы өтті. Негізгі мәселелерді талқылауға сарапшылар мен шақырылған спикерлер қатысты.
Қатысушылар қоғамдық келісімді нығайтудағы конституциялық құндылықтардың, отбасылық тәрбиенің, мұраны сақтаудың және экологиялық жауапкершіліктің рөлін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша осы бағыттарды одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданды. Ұсыныстар құқықтық сауаттылықты арттыру мен жауапты әке болуды қолдаудан бастап, жастар мен волонтерлерді мұраны сақтау және экологиялық бастамаларға тартуға дейінгі мәселелерді қамтиды.